307

Бурабайдағы квадроцикл апаты: 24 жастағы қыз тоғыз күннен кейін көз жұмды

Бурабайда болған жол апаты адам өлімімен аяқталды.

Бурабайдағы квадроцикл апаты: 24 жастағы қыз тоғыз күннен кейін көз жұмды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Бурабайда квадроцикл апатынан зардап шеккен 24 жастағы қыз тоғыз күн бойы комада жатып, 23 ақпан күні таңертең көз жұмды.

Қайғылы жағдай 14 ақпанда болған. Жол-көлік оқиғасынан кейін ауыр халде ауруханаға жеткізілген бойжеткеннің өмірі үшін дәрігерлер бірнеше күн бойы күрескен.

Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқасқа аса ауыр жарақаттар салдарынан шұғыл реанимациялық көмек көрсетілген. Алайда қабылданған барлық медициналық шараға қарамастан, қыздың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Дәрігерлердің хабарлауынша, ол тоғыз күн бойы ауыр жағдайда жатып, есін жимаған.

Еске салсақ, 14 ақпанда Бурабай аумағында квадроцикл ағашқа соғылған. Салдарынан жолаушы болған қыз ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Ал жүргізуші жеңіл жарақатпен құтылған.

Оқиға бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Материал авторы