244

Алматыда жылу құбыры жарылып, қайнаған судан төрт адам күйік алды (ВИДЕО)

55 жыл пайдаланылған жылу құбыры түн ішінде жарылған.

Алматыда жылу құбыры жарылып, қайнаған судан төрт адам күйік алды (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматының шеткері аумағындағы жеке секторда жылу құбыры жарылып, қайнаған су бірнеше үйді басып қалды. Төтенше жағдай салдарынан төрт адам күйік алып, үшеуі ауруханаға жеткізілді.

Оқиға түнгі уақытта болған. Құбыр жарылған сәттен бастап қайнаған су көшелерге лезде таралып, тұрғын үйлерге кірген. Адамдар құжаттары мен жылы киімдерін ала алмай, үйлерінен асығыс сыртқа шыққан.

Зардап шеккендердің айтуынша, бірнеше минуттың ішінде қабырғалар жарылып, еден көтеріліп, жиһаз бен тұрмыстық техника жарамсыз күйге түскен. Кейбір үйлерде тұру қауіпті деп танылып, тұрғындар уақытша көшірілген.

Жергілікті тұрғындар бұл аумақта коммуналдық апаттың алғаш рет болып отырған жоқ екенін айтады. Олардың сөзінше, бұған дейін де дәл осы маңда құбыр жарылған.

Тексеру барысында апатқа себеп болған жылу желілерінің тозғаны анықталған. Құбырдың пайдаланылып келе жатқанына небәрі емес, 55 жыл болған.

Апаттан кейін жөндеу бригадасы зақымданған учаскені ауыстырып, желіні уақытша қалпына келтірген. Оқиғаға қатысты ресми түсініктемені Алматы жылу желісі компаниясы берді. Кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, диаметрі 800 миллиметрлік құбырдан ақау анықталып, жарылыс бес сағаттың ішінде оқшауланған. Қазіргі уақытта әрбір үй бойынша шығын көлемі есептеліп жатыр.

Ал тұрғындарды алаңдататыны – өтемақыдан бұрын қауіпсіздік. Олар тозығы жеткен желілерді жамап-жасқаумен шектелмей, толық ауыстыруды талап етеді. Себебі кез келген сәтте ескі құбырлар қайта жарылуы мүмкін.

Материал авторы