Ақмола облысында 152 млн теңге субсидия жымқырғандар сотталды
3 млн келі «жалған сүт» және 152 млн теңге шығын әшкере болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында ауыл шаруашылығы субсидияларын жымқыруға қатысты резонансты іс бойынша сот үкімі шықты. Мемлекетке келтірілген шығын 152 млн теңгені құрады.
Үкім Көкшетау қаласында жарияланды. Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті жүргізген.
Тергеу дерегінше, СПК «МолПродЖаркаин» директоры А. Ефимкина мен «Рассвет» шаруа қожалығы басшысы А. Маслов екі жыл бойы мемлекеттен бөлінген субсидияларды заңсыз иемденіп келген.
Субсидиялар сүт өндіру мен оны терең өңдеуді арзандатуға бағытталған. Алайда «Рассвет» қожалығында көрсетілген көлемде өнім өндіруге жеткілікті мал басы болмаған.
Соған қарамастан электронды шот-фактуралар жүйесінде жалған құжаттар рәсімделіп, «МолПродЖаркаин» мекенжайына 3 миллион килограммнан астам шикі сүт жеткізілді деген деректер енгізілген. Осы мәліметтердің негізінде сары май мен қатты ірімшік өндірілді деген есеп жасалып, субсидия алу жөніндегі өтінімдер уәкілетті орган тарапынан мақұлданған.
Нәтижесінде бюджет қаражаты кәсіпорынның есепшотына аударылып отырған. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 152 млн теңге деп танылды.
Сонымен қатар алынған субсидияның бір бөлігі Ефимкинаның туысының депозиттік шотына аударылып, кейін бұл қаражатқа жалға беруден табыс табу үшін пайдаланылған мобильді ғимарат сатып алынған.
Тергеу барысында айыпталушылардың мүлкіне тыйым салынды. Атап айтқанда:
6 жер телімі,
4 пәтер,
11 автокөлік,
мобильді ғимарат,
өндірістік мақсаттағы нысан.
Сот А. Маслов пен А. Ефимкинаны 6 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Мобильді ғимарат мемлекет кірісіне тәркіленді. Қалған мүлікке салынған тыйым азаматтық талап толық орындалғанға дейін сақталады.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Материал авторы