Рамазан айында пойыздағы вагон-ресторандар арнайы кестеге көшеді
Пойыздарда ораза ұстаушылар үшін таңғы ас ұйымдастырылады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарындағы вагон-ресторандар Рамазан айында арнайы кестеге көшеді.
Қасиетті Рамазан айының басталуына орай «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарындағы вагон-ресторандар арнайы жұмыс кестесіне көшеді. Бұл тәртіп 40 вагон-ресторанға енгізіледі.
Вагон-ресторандар күнделікті сағат 08:00-ден 24:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Ораза ұстаушылар үшін таңғы сағат 04:00–05:00 аралығында ашылып, жолаушылар ораза басталмай тұрып таңғы астарын іше алады. Сонымен қатар, Рамазан айына арнайы әзірленген мәзір топтамалары ұсынылады.
Ауызашар кезінде жолаушыларға су мен құрма тегін беріледі. Осы уақытта пойыздағы алкоголь өнімдері сатылмайды.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ барлық мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айымен құттықтап, рухани кемелдену мен ізгі тілектерін жолдайды.
Материал авторы