Енді мектептер мүгедектігі бар балалар үшін қолжетімді болады
Жаңа стандарт 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда мүгедектігі бар балалар үшін мектептердің қолжетімділігін арттыруға арналған жаңа ұлттық стандарт күшіне енеді.
ҚР СТ 4023-2025 «Жалпы білім беретін ұйымдардың қолжетімділігі. Мүгедектігі бар балалар үшін жалпы білім беретін ұйымдарының қолжетімділігіне қойылатын талаптар» стандарты кедергісіз және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру талаптарын белгілейді.
Құжат 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында әзірленіп, мүгедектігі бар балалардың құрдастарымен бірге шектеусіз оқуы үшін мектептерге қойылатын талаптарды нақтылайтын болады.
Жаңа стандарт оқу процесінің инфрақұрылымын және ұйымдастырылуын қамтиды. Іргелес аумақ, кіру топтары, дәліздер, оқу кабинеттері және басқа үй-жайларға қойылатын талаптар бекітілген. Сонымен қатар, балалардың мектеп өміріне толыққанды қатысуын қамтамасыз ететін оқыту шарттары, қауіпсіздік шаралары және қолдау ортасын құру талаптары нақты көрсетілген.
Құжат Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне, соның ішінде БҰҰ мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына сәйкес қабылданды. Ол бұрынғы ҚР СТ 3846-2023 стандартын толықтырады, инфрақұрылым объектілерінің және көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігіне қойылатын жалпы талаптарды белгілейді.
ҚР СТ 4023-2025 мектеп басшылары, жобалаушылар және жергілікті атқарушы органдар үшін практикалық бағдар болып, жаңа білім беру объектілерін салу және жұмыс істеп тұрған ғимараттарды жөндеу кезінде ескерілетін болады.
«Тең мүмкіндіктер жүйесін құру – тек әлеуметтік міндет емес, прогрессивті қоғамның негізі. Жаңа стандарт мектептерді жай ғимараттардан инклюзивті кеңістіктерге айналдыруға мүмкіндік береді, онда әр бала дене мүмкіндіктеріне қарамастан өз әлеуетін жүзеге асыра алады», – деді «ҚазСтандарт» РМК бас директоры Мәлік Сәулебай.
Мемлекеттік кәсіпорын мамандары стандарттың еліміздің барлық жалпы білім беретін ұйымдары үшін ұсынылғанын, мектеп инфрақұрылымын жоспарлау мен жаңғырту кезінде әдістемелік негіз болатынын атап өтті.
Материал авторы