1938

Жангелдиндегі отбасының өлімі: Сәрсемәлиев Сұлтан мен әйелі Индонезияда қолға түсті

Күдіктілерді Қазақстанға депортациялау мәселесі қаралып жатыр.

Жангелдиндегі отбасының өлімі: Сәрсемәлиев Сұлтан мен әйелі Индонезияда қолға түсті
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан ІІМ қызметкерлері шетелдік әріптестермен бірлескен операция барысында Атырау облысында жасалған қос кісі өлтіру дерегі бойынша негізгі күдіктіні Индонезия аумағында ұстады.

Ведомство мәліметінше, ұсталған азамат – Сәрсемәлиев Сұлтан. Ол Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатқан қылмыстық іс аясында халықаралық іздеуде болған.

Күдікті Индонезия Республикасы аумағында, нақтырақ айтқанда Ломбок аралының Сенару ауылы елді мекенінде қолға түскен.

Полиция дерегінше, онымен бірге бұрын хабар-ошарсыз кеткені үшін халықаралық іздеуге жарияланған оның бұрынғы жұбайы да анықталған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті 2025 жылғы қарашада Атырау облысы аумағында ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, іске асырған. Қылмыстан кейін ізін жасыру үшін марқұмдардың мәйітін шаруашылық құрылысының астына жасырғаны және олардың мүлкі мен қаражатын иемденгені айтылып отыр.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі бойынша тергеліп жатыр.

Қазіргі уақытта күдіктілерді Қазақстанға депортациялау мәселесі қаралуда.

Еске салсақ, 2026 жылғы 6 қаңтарда Атырау облысында 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен оның 64 жастағы жұбайы Нәсіп Өтешқалиева өз үйлерінің ауласындағы қорадан көмулі күйде табылған болатын.

Марқұмдардың үш баласы бар: 35 жастағы Мирамгүл Қарабалина, 30 жастағы Ақбаян Мұқанғалиева және 32 жастағы ұлы Наурыз Қарабалин.

Полиция мәліметінше, ерлі-зайыпты мен олардың балалары Мирамгүл мен Наурызға 2025 жылғы 25 желтоқсанда ресми түрде іздеу жарияланған. Ал туыстары отбасы мүшелерімен байланыс қараша айында үзілгенін айтқан. 7 қаңтарда Ақбаян Мұқанғалиеваның да хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған. Оның бес баласы бар.

Сондай-ақ бұған дейін Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт ересек мүшесі 2025 жылдың күзінде із-түзсіз жоғалғаны хабарланған еді. Тергеу бұл деректердің барлығын бір қылмыстық тізбек аясында тексеріп жатыр.

Материал авторы