387

«Балам екеумізді қорғадым»: Ақтөбеде күйеуін өлтірген әйел амнистиямен бостандыққа шықты

Марқұмның туыстары істі қайта қарауды талап еткен.

«Балам екеумізді қорғадым»: Ақтөбеде күйеуін өлтірген әйел амнистиямен бостандыққа шықты
Almaty.tv арнасы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде күйеуін өлтірді деп айыпталған Ксения Седова ісі бойынша сот шешімі қайта қаралып, әйел амнистияға байланысты бостандыққа шықты. Бұл туралы Almaty телеарнасы хабарлады.

Іс бойынша айыпталушы орындығында қайтадан Ақтөбе қаласының 37 жастағы тұрғыны отырды. Бұған дейін сот оған күйеуін өлтіргені үшін 1,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, амнистия қолданған еді.

Марқұмның туыстары бұл шешіммен келіспей, істі қайта қарауға қол жеткізген. Олар әйелдің әрекетін қасақана кісі өлтіру деп бағалап, нақты жаза тағайындауды талап еткен.

Соттағы соңғы сөзінде Ксения Седова қылмысты алдын ала жоспарламағанын айтып, әрекетін өзін және баласын қорғау мақсатымен жасағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жұбайы ішімдікке салынған және отбасында үнемі күш қолданған.

Қайғылы оқиға өткен жылдың көктемінде болған. Ерлі-зайыптылар арасында жанжал шығып, әйел күйеуіне пышақ жарақатын салған. Ер адам алған жарақатынан көз жұмды. Сот-медициналық сараптамалардың үшеуі де қылмыс жасалған сәтте әйелдің аффект күйінде болғанын растаған.

Сот үкімімен Ксения Седова «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуына байланысты жарияланған амнистия туралы» заң аясында жазадан босатылды.

Үкімді оқыған судья Жәнібек Сейтжаппаров айыпталушыға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының күшін жойып, оны сот залынан бірден босату жөнінде қаулы шығарды.

Материал авторы