589

Трамп Украинаға Қазақстанның экономикалық мүдделерін қорғауды ескертті

Украина Каспий құбырына жасалған шабуылдан елдің мұнай тасымалы тоқтап қалған еді.

Трамп Украинаға Қазақстанның экономикалық мүдделерін қорғауды ескертті
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ Мемлекеттік департаменті Украинаға Каспий құбыр желісі консорциумына (КҚК) жасалған дрон шабуылдарына байланысты ресми ескерту жолдаған. Бұл туралы Украина елшісі Ольга Стефанишина CNN телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, Дональд Трамп әкімшілігі Украина тарапының Қара теңіздегі мұнай инфрақұрылымына жасаған соққылары Қазақстандағы америкалық инвестицияларға тікелей әсер еткенін Киевке жеткізген.

«Бізге украин дрон соққылары Новороссийск маңындағы нысандарға бағытталған кезде, Қазақстан арқылы жүзеге асатын кейбір америкалық инвестицияларға зиян келгені туралы айтылды. Мемлекеттік департаменттен америкалық мүдделерге соққы жасамауға шақырған ескерту алдық», – деді Стефанишина.

Оның айтуынша, бұл – АҚШ Мемлекеттік департаментінен жолданған ресми дипломатиялық нота. Сонымен қатар елші Вашингтонның Украинаға Ресейдің әскери немесе энергетикалық инфрақұрылымына шабуылдарды толық тоқтатуды талап етпегенін нақтылады.

«Мәселе тек америкалық экономикалық мүдделердің қозғалуына байланысты болды. Біз бұл сигналды назарға алдық», – деді ол.

Айта кетейік, 2025 жылғы 29 қарашада Қара теңіздегі теңіз терминалында орналасқан Каспий құбыр желісі консорциумы нысанына дрон-катерлер арқылы шабуыл жасалып, ВПУ-2 айлақ құрылғысы едәуір зақымданған.

Осы оқиғадан кейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі шабуылды агрессия актісі деп бағалап, ресми мәлімдеме жасаған. Көп ұзамай Украина тарапы Қазақстанның наразылығына жауап берген.

Ал желтоқсан айының басында Қазақстан Энергетика министрінің орынбасары Ерлан Ақбаров бұл жағдай Үкіметтің ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.

Кейін Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі КҚК нысандарына жасалған шабуылдардан соң Қашаған кен орны мұнайының бір бөлігі Қытай бағытына қайта бағытталғанын хабарлады.

Материал авторы