274

Рудный әкімі бюджетте ақша жоғын айтып дабыл қақты

Әкім Рудный бюджетінің 76 пайызы жоғары бюджетке кететінін айтты.

Рудный әкімі бюджетте ақша жоғын айтып дабыл қақты
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қалалық бюджетке түсетін салық жүктемесінің артуы және ең бастысы – жоғары тұрған бюджетке жүргізілетін ауқымды алып қоюлар салдарынан Рудныйдың ең қажетті шаруаларына қаржы жетпей отыр. Бұл туралы қала әкімі Виктор Ионенко БАҚ өкілдері қатысқан кеңейтілген жиында ашық айтты.

Оның сөзінше, қала бюджетінің 76 пайыздан астамы кері тәртіппен жоғары деңгейге алынады.

Әкімнің дерегінше, өткен жылы қала өз кірісінен 31 млрд теңгеден айырылған. Ал биыл жоғалтатын сома 35 млрд 626 млн теңгеге жетпек.

— Биылғы трансферттер көлемі небәрі 1 млрд 382 млн теңге болды. Ал былтыр бұл көрсеткіш 10 млрд 686 млн теңгені құраған, — деді қала басшысы.

Оның айтуынша, шығыс бөлігіндегі бюджет те екі есеге қысқарған: 23 млрд теңгеден 11,7 млрд теңгеге дейін төмендеген. Соның салдарынан жылу маусымына дайындық, автожолдарды жөндеу, инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту, орамішілік электр желілерін қалпына келтіру сияқты негізгі жұмыстарға бір тиын да қарастырылмаған.

— Былтыр даму бюджеті 4 млрд 895 млн теңге болған еді. Ал биыл бар болғаны 29 млн теңге. Қазіргі мүмкіндік осы ғана, — деді Ионенко.

Қала әкімдігі әзірге үмітін үзбей отыр. Қосымша қаржы тарту үшін 13 млрд теңгеден асатын бюджеттік өтінімдер жолданған. Алайда олардың қашан және қалай қаралатыны белгісіз.

— Жағдай өте күрделі. Тіпті өтінімдеріміз мақұлданған күннің өзінде, конкурстық рәсімдерге уақыт қажет. Соның кесірінен мердігерлер жұмысты кеш бастайды. Ақыры жолдарды қазан-қараша айларында жөндеуге тура келеді. Ал мұндай жағдайда сапа туралы айту қиын. Ұзақ күттім, бірақ ілгерілеу жоқ. Сондықтан мәселені бүгін ашық айтуға мәжбүр болдым, — деді әкім.

Ионенко дағдарыстан шығудың балама жолын да атады. Егер бюджеттен қосымша қаржы табылмаса, қала билігі инвестор тарту бағытына бет бұрмақ.

Материал авторы