Батыс Қазақстанда жол жөндеуден 56,5 млн теңге жымқырылды
Жол жөндеу жұмыстары бойынша жалған актілер жасалған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысының ҚМА департаменті жолдарды күрделі жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша тергеуін аяқтады.
2023 жылғы наурызда мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша Сырым ауданы тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен ПК «Сапақ» арасында Жымпиты ауылындағы жолдарды жөндеу үшін 259 млн теңге сомасына келісімшарт жасалған.
Алайда, ПК «Сапақ» директоры мен субподрядшы ТОО «Ақ-Би» директоры қаржыны жымқыру схемасын құрып, ақшаны өзара бөлісуді ұйымдастырған.
Күдіктілер жұмыс орындалды деген жалған актілерді рәсімдеп, асфальттау, жер жұмыстары, бетон құю, су құбыры және басқа да жол жұмыстарын жүргізгендей көрсеткен, бірақ іс жүзінде бұл жұмыстар толық орындалмаған немесе аз көлемде жүзеге асқан.
Осы жалған актілер негізінде бюджет қаражаттары ПК «Сапақ» есепшотына аударылып, кейін қатысушылар арасында бөлінген. Нәтижесінде мемлекетке 56,5 млн теңге материалдық залал келтірілген.
Сот санкциясымен күдіктілердің бірінің пәтеріне қамау салынып, оларға қамауға алмау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат тәртібі қолданылған. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Айта кетейік, бұған дейін Сырым ауданы тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деп сотпен айыпталған.
Құқықтық ақпаратқа сәйкес, басқа мәліметтер ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сай жарияланбайды.
Материал авторы