11 жылға сотталған экс-полиция басшысы қызметтік пәтер дауын сотта ұтты
Қыз зорлады деп сотталған бұрынғы полиция бастығының талабын қанағаттандырылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талдықорған қаласының бұрынғы полиция басшысы Марат Күштібаев қызметтік пәтерді жекешелендіру мәселесі бойынша сотта жеңіске жетті. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.
Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты полиция департаментінің әрекетсіздігін заңсыз деп таныды. Соттың мәліметінше, департамент қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру туралы берілген рапортты қарамаған.
Іс материалдарына сәйкес, Марат Күштібаев құқық қорғау органдарында 35 жылдан астам қызмет атқарған. 2016 жылы оған және отбасы мүшелеріне Талдықорған қаласынан қызметтік пәтер берілген. 2023 жылдың тамызында аталған пәтер полиция департаментінің балансына өткеннен кейін, экс-басшымен қызметтік тұрғын үйді жалға алу шарты жасалған.
Сол айдың 25-і күні Күштібаев пәтерді жекешелендіруге рұқсат беру туралы ресми рапорт тапсырған. Алайда облыстық полиция департаменті жанындағы тұрғын үй комиссиясы бұл өтінішті қарамай, ешқандай шешім қабылдамаған.
Соттың түсіндіруінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес комиссия жекешелендіруге рұқсат беру немесе уәжді түрде бас тарту туралы шешім шығаруға міндетті. Ал өтінішті мүлде қараусыз қалдыруға құқығы жоқ.
«Талапкердің рапорты белгіленген тәртіппен қабылданып, тіркелген. Бірақ Жетісу облысы полиция департаменті жанындағы тұрғын үй комиссиясы оны қарамаған әрі шешім қабылдамаған», – деп атап өтті сот.
Нәтижесінде сот талап арызды қанағаттандырып, полиция департаментіне аталған рапортты тұрғын үй комиссиясының отырысында қарауды және заңға сәйкес нақты шешім қабылдауды міндеттеді. Бұл шешім заңды күшіне енді.
Айта кетейік, 2024 жылдың сәуірінде Талдықорған қалалық соты Марат Күштібаевты 11 жылға бас бостандығынан айырған. Үкімге шағым түсірілгенімен, Жетісу облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы оны өзгеріссіз қалдырған.