561

Ресейлік депутат Самоделкинаға Астанадан пәтер берілгенін сынады

Қазақстандық спортшыға берілген баспанаға Ресейден қатаң сын айтылды.

Ресейлік депутат Самоделкинаға Астанадан пәтер берілгенін сынады
Telegram/samodelkina18

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейде Қазақстан намысын қорғайтын мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкинаға Астанада пәтер кілті табысталуына қатысты сын айтылды. Бұл пікірді үш дүркін Олимпиада чемпионы, Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Ирина Роднина білдірген.

Бұған дейін Самоделкина қысқы Олимпиада ойындарынан кейін Астана әуежайында салтанатты түрде қарсы алынып, бір бөлмелі пәтердің кілтін алған. Олимпиадада спортшы небәрі оныншы орынмен шектелген.

Ирина Роднина бұл жағдайға қатысты қазіргі спорт кәсіби сала екенін ашық айтты.

«Қазіргі спортшылар – кәсіби атлеттер. Олар өнері үшін ақы алады. Ал сыйлық күту – бөлек мәселе», – деді ол.

Қала әкімдігінің мәліметінше, баспана кілті тек Самоделкинаға ғана емес, оның жаттықтырушысы Асем Кассановаға, сондай-ақ Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен оның ресейлік бапкері Алексей Урмановқа да табысталған.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров – Қазақстан атынан мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада алтынын жеңіп алған алғашқы спортшы.

Софья Самоделкина – бұрын Ресей құрамасында өнер көрсеткен, ал 2024 жылы Қазақстан азаматтығын алған спортшы.

Бұған дейін Ресейдің спорт министрі Михаил Дегтярев те халықаралық жарыстарға қатысу үшін спорттық азаматтығын ауыстырған спортшыларды қатаң сынға алған. Ол бұл пікірін VK Видео платформасындағы «Центральный канал» бағдарламасында айтқан.

Сонымен қатар 2005 жылғы Қазақстанның Қысқы спартакиадасы кезінде Самоделкинаның Қазақстан гимнін орындауы Ресей медиа кеңістігінде даулы реакция туғызған еді.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор