Қызылордадағы қызды жезөкшелікке тарту ісі: Клиенттерге қатысты іс бөлек қаралып жатыр
Мектеп оқушысын сыныптастары жезөкшелікке салып, сол арқылы табыс тапқаны белгілі болған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылорда қаласында мектеп оқушысының жыныстық қанауға түсуіне байланысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, жәбірленушімен жыныстық қатынасқа түскен тұлғаларға қатысты іс материалдары жеке өндіріске бөлінген. Қазір сол бағытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
«Зорлық-зомбылық құрбанына қатысты негізгі іс бірнеше бап бойынша аяқталды. Кінәлі тұлғалар сотталды. Сот шешіміне түсініктеме беруге құқығым жоқ. Ал жәбірленушімен жыныстық қатынасқа түскен басқа адамдарға қатысты тергеу жалғасып жатыр, олардан жауап алу және өзге де тергеу амалдарын жүргізу қажет», – деді Санжар Әділов.
Оның сөзінше, полиция жәбірленушімен тұрақты байланыста. Ал нақты тұлғалардың есімдерін жариялау мәселесін жәбірленушінің өзі шешуге құқылы.
Вице-министр басқа деректерді жариялаудан бас тартып, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәліметтері жария етілмейтінін еске салды.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылордада 16 жастағы қыз баланы сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі деген күдікпен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған. Жәбірленушінің анасының айтуынша, оқиға қыздың сыныптас құрбысымен жақын араласуынан кейін басталған.
Материал авторы