Астана – Ақтау рейсінде генерал-майор мен дәрігер шетелдік жолаушыны аман алып қалды
Ер адамды дәлізде құлап бара жатқан сәтінде ұстап қалған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана – Ақтау бағытындағы рейсте шетелдік жолаушының өміріне қауіп төнген сәтте оған дер кезінде көмек көрсетілді. Ұшақ бортында болған Сағындық Аяғанов пен ақтаулық дәрігер Тұрсын Чуйшбаева 45 жастағы шетел азаматын аман алып қалды.
Оқиға 23 ақпанда Астана – Ақтау бағытымен ұшып келе жатқан әуе рейсінде тіркелген.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті мәліметінше, ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін шамамен бір сағат өткенде 45 жастағы Тәжікстан азаматының қан қысымы күрт көтеріліп, жағдайы нашарлаған.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Сағындық Аяғанов жолаушының дәлізде құлап бара жатқанын байқап, оны сүйемелдеп ұстап қалған және бірден бортсеріктерді шақырған. Кейін жолаушылар арасынан медицина қызметкері іздестірілген.
«Мен сол рейспен еңбек демалысынан Ақтауға қайтып келе жатқанмын. Ер адамның маған қарай құлап бара жатқанын көріп, ұстап қалдым. Бортсеріктерді шақырып, дәрігерді іздедік. Абырой болғанда, дәрігер табылды. Өзіммен әрдайым аспирин алып жүремін, жолаушыға ұсындым. Қонғанға дейін оның жағдайын бақылауда ұстадық. Мұндай сәтте әр адам осылай әрекет етуі тиіс деп ойлаймын. Бұл – азаматтық парыз», – деді Сағындық Аяғанов.
Жолаушыға алғашқы медициналық көмекті акушер-гинеколог Тұрсын Чуйшбаева көрсеткен. Дәрігердің айтуынша, ер адамның артериялық қысымы өте жоғары деңгейге жеткен.
«Қажетті дәрілер берілді, оттегі қосылып, науқастың жағдайы тұрақтандырылды. Ұшақ Ақтауға қонған кезде қан қысымы қалыпты деңгейге дейін төмендеді. Ол самай тұсында қатты бас ауруына шағымданды. Жолаушылар арасынан қажетті препараттар табылды. Белгілі болғандай, бір ай бұрын ол өз елінде осыған ұқсас диагнозбен ауруханаға түскен, алайда дәрігерлердің ұсынымдарын толық сақтамаған. Созылмалы дерті бар адамдар жолға шыққанда қажетті дәрілерін өзімен алып жүруі өте маңызды», – деді дәрігер.
Ұшақ қонғаннан кейін жолаушыны жедел жәрдем бригадасы ауруханаға жеткізді. Қазіргі жағдайы тұрақты.
Тәжікстан азаматы Амон Амонов өзіне көмек көрсеткендердің барлығына алғысын білдірді.
«Ұшақ көтерілгеннен кейін өзімді жайсыз сезіне бастадым. Бір сағаттан соң жуыну бөлмесіне бармақ болып орнымнан тұрғанымда әлсіздік пайда болып, көзім қарауытып, тынысым тарылды. Тепе-теңдігімді жоғалтып, құлап қалдым. Кейін маған Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы көмектескенін білдім. Су беріп, сабырға шақырғаны есімде. Кейін кешірім сұрағанымда, ол «Ештеңе емес, бәріміз адамбыз, көмектесу – парыз» деді. Бортта маған қол ұшын созған барша жанға шын жүректен алғыс айтамын», – деді жолаушы.
Белгілі болғандай, 45 жастағы ер адам Ақтауға жұмысқа орналасу мақсатымен келген.
Материал авторы