Конькишілер одағы отандық төреші Парецкаяның бағалауы ережеге толық сай болғанын мәлімдеді
Парецкая ресейлік сырғанаушыларға тым жоғары баға қойып, отандық спортшыларға әдейі төмен баға қойды деп айыпталған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Италияда өткен Милан–Кортина‑2026 қысқы Олимпиадасы аясындағы мәнерлеп сырғанау жарыстарынан кейін қазақстандық төреші Надежда Парецкая қатысты дау халықаралық деңгейде қаралды.
Жанкүйерлер тарапынан әлеуметтік желіде көтерілген сынға байланысты Халықаралық конькишілер одағы ресми түсініктеме беріп, отандық төрешіге тағылған айыптауларды жоққа шығарды.
Ұйымның Қазақстан мәнерлеп сырғанау федерациясы атына жолдаған хатында Парецкаяның жұмысы халықаралық талаптарға толық сәйкес келгені атап көрсетілген.
«Сіздің төрешілігіңіз ISU ережелеріне сай, бейтарап және ұлттық көзқарастан ада болды. ISU спорттың адалдығын сақтау үшін дәл осындай ұстанымды талап етеді», – делінген ресми хатта.
Сонымен бірге халықаралық ұйым бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам тарапынан төрешіге жасалған қысымды қатаң сынға алды.
Дау әлеуметтік желілерде кең тараған пікірлерден кейін ушыққан. Қолданушылар қазақстандық төреші ресейлік спортшы Аделия Петросян өнеріне жоғары баға беріп, қазақстандық спортшыларға төмен ұпай қойғанын алға тартқан.
Әсіресе әйелдер арасындағы жарыстың еркін бағдарламасынан кейін сын күшейіп, жанкүйерлер ресми органдардан ашық түсініктеме беруді талап еткен болатын.
ISU мәлімдемесіне сәйкес, Надежда Парецкаяның бағалауы регламентке толық сай жүргізілген және төрешілік барысында ұлттық мүдде немесе жеке көзқарас белгісі анықталмаған.
Материал авторы