761

«Бір досым кетсе, 7 миллион досым бар»: Садыр Жапаров қызметінен алынған Ташиев туралы

Елдің тыныштығын бұзғандар аяусыз жазасын алады дейді Қырғызстан президенті.

«Бір досым кетсе, 7 миллион досым бар»: Садыр Жапаров қызметінен алынған Ташиев туралы
АКИpress

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдің бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы, досы Қамшыбек Ташиевпен қарым-қатынасы туралы пікір білдірді. Бұл туралы Қырғыз ұлттық «Кабар» ақпарат агенттігі хабарлады.

Агенттік директоры, шежіреші Мурат Жетимішбаев «Президент Садыр Жапаров пен Қамшыбек Ташиев арасында алшақтық пайда болды, енді не болады?» деп елдегі мазасыздыққа байланысты сұрақ қойған.

Жапаров бұл сұраққа жауап беріп, жағдайды жеңілдетіп, халыққа сенім білдірді:

«Ештеңе болмайды. Бұл мәселені трагедияға айналдырудың қажеті жоқ. Бұрынғыдан да жақсы болады. Өмір тоқтап қалмайды. Бір досым кетсе, артымда 7 миллионнан астам досым бар. Мен үшін бәрінен де қымбат – халқымыз бен қасиетті мемлекетіміз. Кімде-кім елдің тыныштығын бұзса, аяусыз жазасын алады. Оған ақылымыз да, күшіміз де жетеді. Экономикамыздың өсу қарқыны одан әрі арта береді. Ішкі және сыртқы саясат өз арнасымен жалғаса береді», – деді Жапаров.

Еске салсақ, 10 ақпанда Садыр Жапаров Ташиевті Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасының орынбасары және ҰҚК төрағасының қызметінен босатқан. Сол уақыттан бері елде кадрлық ауыс-түйістер жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта Қамшыбек Ташиев Қырғызстаннан кеткен.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор