498

Нұрәлі Әлиев Алматы тауларында «Құдайдың вибрациясы» туралы жиын өткізді

Назарбаевтың немересі руханият жайлы кездесу өткізді.

Нұрәлі Әлиев Алматы тауларында «Құдайдың вибрациясы» туралы жиын өткізді
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы маңындағы тауда өткен бейресми кездесуде Нұрәлі Әлиев руханият, махаббат және адамның ішкі жай-күйі туралы пікір білдірді.

Кездесу таң сәріде ұйымдастырылған. Қатысушылар күннің шығуын тамашалап, Горельник аумағында шомылып, кейін ашық форматта әңгіме өрбіткен.

Өз сөзінде Әлиев бұл жиынның саяси астары жоқ екенін ерекше атап өтті.

«Мұнда ешқандай саясат жоқ. Бұл – таза руханият туралы әңгіме. Бүгін соны сіздермен бөліскім келеді», – деді ол.

Кездесу барысында ол махаббатты «Құдайдың вибрациясы» деп атап, адамның өзін жан ретінде тануы шартсыз сүйіспеншілік пен Жаратқанмен бірлікке бастайды деген пікір айтты. Сонымен бірге жоба философиясы қазақ рухани ойымен үндес екенін жеткізіп, оны Абай Құнанбайұлы еңбектеріндегі көзқарастармен салыстырды.

Әлиев білім беру жүйесіне де сын айтты. Оның сөзінше, мектептер мен жоғары оқу орындарында адамның табиғатын, ішкі әлемін түсінуге жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейді.

Әлеуметтік желіде бұл мәлімдемелер қызу талқылануда. Кейбір қолданушылар «саясатқа қатысы жоқ» деген пікірді оның өмірбаянын ескере отырып қабылдап, күмән келтіруде. Бұған дейін ол мемлекеттік қызметте болған, оның ішінде Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Сондай-ақ бірқатар пікір иелері бұл мәлімдемелерді марқұм Айсултан Назарбаев кезінде жария түрде айтқан рухани тәжірибелер жайлы көзқарастарымен салыстырды.

Ал Әлиевтің өзі рухани тақырыптарға бет бұруын жеке өміріндегі ауыр қайғымен – жақын адамынан айырылуымен байланыстырады. Оның айтуынша, дәл сол оқиға өміріндегі бетбұрыс сәтке айналған.

Айта кетейік, Нұрәлі Әлиев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі. 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін экс-президент әулетінің өкілдері қоғамдық кеңістікте сирек көріне бастады.

Бұған дейін де Әлиев алматылықтарды тауға шығып, шомылу және еркін форматтағы таңғы кездесуге шақырғаны хабарланған болатын.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор