209

Павлодарда «такси мафиясы» пайда болып, дау шықты

Блогер жалған тапсырыс схемасын жария етті

Павлодарда «такси мафиясы» пайда болып, дау шықты
Almaty.tv

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысы тұрғындары қалааралық такси нарығында бейресми қысым тетігі қалыптасқанын айтып, дабыл қақты. Олардың сөзінше, тәжірибелі жүргізушілер бағаны төмен қойған жаңадан келген әріптестерін әдейі «жазалап», жалған тапсырыстар арқылы әуреге салады. Бұл туралы Almaty.tv жеткізді.

Мәселені алғашқылардың бірі болып павлодарлық блогер Бекмұрат Шәкен көтерді. Оның айтуынша, танысы Павлодар қаласынан Екібастұз бағытына жолға шығып, танымал сервистердің бірі арқылы жолаушы алған. Бағаны әдеттегі 3 500 теңгенің орнына небәрі 3 000 теңге деп көрсеткен.

Алайда жолға шыққан соң оған қоңырау шалған «жолаушы» көрсетілген мекенжайға келуін сұрап, кейін өзінің әдейі жасалған жалған аккаунт иесі екенін айтқан. Блогердің дерегінше, кей жүргізушілер бәсекелестерін әуреге салу үшін фейк аккаунттар ашып, жалған тапсырыс беріп, жүргізушіні бекерге шақыртып, уақытын кетіреді.

Бекмұрат Шәкеннің сөзінше, мұндай әрекетке барғандардың басты мақсаты – қалааралық бағыттарда қалыптасқан бағаны түсіруге жол бермеу. Оның айтуынша, кей тұрақты тасымалдаушылар бағыттарды өзара бөлісіп алып, төмен тарифпен жұмыс істеуге тырысқан жүргізушілерді түрлі тәсілмен шеттетуге тырысады.

Тұрғындардың өзі бұл құбылысты бейресми түрде «такси мафиясы» деп атап жүр. Айта кету керек, ресми бекітілген тариф жоқ: жолақы көлемі сұранысқа, тәулік уақытына және ауа райына байланысты қалыптасады.

Ал тасымалға тапсырыс қабылдайтын сервистердің бірінің өкілдері жүргізушілер тарапынан жасалған адал емес әрекеттерге қатысты шара бар екенін мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуынша, шағым түскен жағдайда барлық тараптың дерегі тексеріліп, рейтинг пен алдыңғы пікірлерге талдау жасалады. Тексеру қорытындысына қарай аккаунтты уақытша немесе толық бұғаттау туралы шешім қабылдануы мүмкін.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор