Щучинсктегі дәмхана жарылысы: куәгерлер жантүршігерлік оқиғаны сипаттады
Газ баллоны жарылып, 7 адам қаза тапқан еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысы, Щучинск қаласындағы “Центр плова” дәмханасында 26 ақпанда газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан 7 адам қаза тауып, 28 адам зардап шеккен. Куәгерлер жарылыстың сәтін қорқынышты етіп сипаттады.
Жарылыстың куәгері Әлібек Belles.kz порталына берген сұхбатында оқиғаның бір секундтың ішінде өрши кеткенін айтты.
«Қатты жарылыс болды, әйнектер дірілдеді. Сыртқа шыққан кезде бәрі жанып кетті. Барлық аспаздар мен қызметкерлер қарға аунағандай күйде еді. Көпшіліктің үсті-басы қан-жоса, кейбірінің шашы жоқ болды. Адамдар жалаңаяқ жүгіріп шықты», – деді Әлібек.
Ол сол оқиғада досынан айырылғанын, ал әпкесінің денесінің 80%-ы күйік шалғанын жеткізді. Әйел Көкшетау қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Жарылыс кезінде дәмхана маңынан өтетін адамдар да жарылыс толқынынан құлаған.
Ақмола облысы әкімдігі хабарлағандай, зардап шеккендердің 13-і ауруханаға жатқызылып, 8 адам амбулаториялық көмек алған. Қаза болғандардың ішінде 16 жастағы қыз бар екені нақтылануда, ол дәмханада анасымен бірге болған. Ал оның анасы тірі.
Жарылыстың салдарынан мекеме қызметкерлерінің алтауы қаза тауып, өрт сөндірушілер ғимараттан 8 газ баллонын алып шыққан. Қазіргі уақытта төтенше жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Материал авторы