385

Атышулы Қызылқоға ауданында 82 жастағы енесін өлтірген келін қылмыстық жауапкершіліктен босатылды

Сот айыпталушыны есі дұрыс емес деп таныды.

Атышулы Қызылқоға ауданында 82 жастағы енесін өлтірген келін қылмыстық жауапкершіліктен босатылды
Shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында енесін өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Айыпталушы әйелдің кінәсі дәлелденгенімен, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Ресми мәліметке сәйкес, істі Атырау облысының соттары жариялаған. Қылмыстық іс өңірдегі мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта қаралған.

Сот материалдарына сай, 2025 жылғы мамыр айында ер адам төсекке таңылған, 1942 жылы туған анасын күтім жасау үшін ауылға көшіріп әкелген. Бұл шешімге келіні қарсы болып, отбасында жанжал туындаған.

Араға бірнеше күн салып, күйеуі үйде болмаған уақытта әйел дәрменсіз күйдегі енесіне пышақпен бірнеше рет жарақат салған. Жәбірленуші ауруханада көз жұмған.

Кешенді сот-психиатриялық сараптама айыпталушының созылмалы психикалық аурумен ауыратынын анықтаған. Осыған байланысты ол сот процесіне де қатыса алмаған.

Сот әйелдің әрекеті Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша сараланатынын, алайда қылмысты есі дұрыс емес күйде жасағанын мойындады. Осы негізде ол қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

Сот қаулысымен әйелге қатаң бақылауы бар мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлі ем тағайындалды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор