Щучинскідегі жарылыстан қаза тапқандардың отбасына миллиондаған өтемақы төленді
Әрбір марқұмның отбасына әкімдік пен кафе иесі 2 миллион теңгеден төледі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Щучинск қаласындағы кафеде болған өрт пен газ жарылысы салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіле бастады.
Ақмола облысы әкімдігі мәліметінше, оқиғаға байланысты жедел штабтың көшпелі отырысы өтіп, жағдайды тұрақтандыру және зардап шеккендерге көмек көрсету шаралары талқыланған. Жиынға Бурабай ауданы әкімі Арай Садыков, өңірлік төтенше жағдайлар қызметінің өкілі Мурат Кангужинов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек және әлеуметтік бағдарламаларға жауапты басқарма жетекшісі Шолпан Рахматуллина баяндама жасады.
Ресми дерекке сәйкес, қаза тапқан алты отбасыға біржолғы 2 миллион теңгеден төленген. Құжаттары рәсімделіп жатқан жетінші отбасы да дәл осындай көлемде көмек алады. Сонымен қатар, кафенің иесі әрбір марқұмның отбасына тағы 2 миллион теңгеден төлеген.
Әлеуметтік жағдайы күрделі деп танылған бес отбасының несиелері демеушілер қаражаты есебінен өтелмек. Бұдан бөлек, қиын жағдайда қалған төрт зардап шегушіге кәсіпкерлер тарапынан қосымша қаржылай қолдау көрсетіледі. Заңнамаға сәйкес әлеуметтік төлемдер де тағайындалған.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов азаматтардың қауіпсіздігі басты басымдық екенін атап өтіп, оқиғаның себептерін жан-жақты әрі бейтарап тергеуді тапсырды. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарындағы қауіпсіздік талаптарын бақылауды күшейту міндеттелді.
Еске салайық, Щучинск қаласындағы Центр плова кафесінде газ жарылып, өрт шыққан. Алғашқы дерек бойынша алты адам көз жұмған, кейін қаза тапқандар саны жеті адамға жетті.
Өрттен жарақат алған алты адам Көкшетау қаласындағы ауруханаға жеткізілген.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Материал авторы