Қостанайда жүргізуші 13 жастағы қызды қағып, қашып кетті
Қыз балаға дәрігерлер амбулаториялық ем мен бақылау тағайындады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай қаласында жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінде 13 жастағы қыз баланы қағып кетіп, оқиға орнынан қашып кеткен. Ақпаратты Alau.kz басылымы жазды.
Оқиға 26 ақпанда болған. Жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін, зардап шеккен баланың анасы куәгерлерден көмек сұрап, үндеу жасаған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қыз баланың денесі соғылған. Дәрігерлер тексеруден кейін ем қабылдау және тұрғылықты жері бойынша емханада бақылауда болу жөнінде ұсыныс берген.
Қостанай қалалық полициясы оқиғаға қатысты жедел іздестіру жұмыстарын бастаған.
Қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Марат Сахратов:
«Реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде белгісіз автокөлік жүргізушісі баланы қағып, оқиға орнынан ізін суытқан. Көлікті анықтау үшін жедел-іздестіру тобы құрылды. Қазіргі таңда нақты бағыттар бойынша жұмыс жүріп жатыр», – деді.
Полиция дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері Қостанайда жаяу жүргіншілерді қағу дерегі 16 рет тіркелген. Сонымен қатар, биыл рөлде отырып телефон қолданған жүргізушілер саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға артқан.
Құқық қорғау органдары жол бойындағы бейнебақылау жазбаларын тексеріп, жасөспірімді қағып кеткен жүргізушіні іздеуді жалғастырып жатыр.
Материал авторы