330

Щучинскідегі жарылыстан зардап шеккен төрт адамның жағдайы өте ауыр

Дәрігерлер төрт науқастың жағдайына алаңдаулы.

Щучинскідегі жарылыстан зардап шеккен төрт адамның жағдайы өте ауыр
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Щучинск қаласында дәмханада болған жарылыстан кейін зардап шеккендерге медициналық көмек тәулік бойы көрсетіліп жатыр.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек қазіргі таңда төрт науқастың жағдайы аса ауыр екенін мәлімдеді.

1 наурыз күні зардап шеккендер Авиценна Бурабай клиникасында және облыстық көпсалалы ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, бірнеше науқас жасанды тыныс алу аппараттарына қосылған, ал екеуінің хәлі – өте ауыр.

Пациенттерді тексеруге Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова да қатысқан. Облыстық денсаулық сақтау басшысының айтуынша, Астанадан реаниматологтар мен анестезиологтар тартылып, күрделі ем-шаралар жүргізіліп жатыр. Барлық дәрі-дәрмек пен медициналық құрал жеткілікті.

Медициналық көмектің көрсетілуі облыс әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан тұрақты бақылауда.

Еске салайық, 26 ақпанда Щучинск қаласында тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты дәмханада газ-ауа қоспасының жарылысы болып, кейін өрт шыққан.

Оқиға орнына Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелері бес минуттың ішінде жеткен. Құтқару жұмыстары кезінде бірнеше газ және оттегі баллондары сыртқа шығарылып, қайталама жарылыстың алдын алуға мүмкіндік берілген. Өрт ішінен он адам құтқарылған.

Жалпы алғанда, төтенше жағдайдан 28 адам зардап шекті. Олардың 13-і ауруханаға жатқызылған, сегіз адам медициналық көмек алғаннан кейін үйіне жіберілген. Тағы жеті адам қаза тапты.

Бурабай ауданының әкімі Арай Садыков қаза болғандардың отбасына 2 миллион теңгеден біржолғы материалдық көмек төленетінін, ал зардап шеккендерге 1 миллион теңгеден берілетінін хабарлады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі басшысының тапсырмасымен, ведомствоаралық тергеу комиссиясы құрылды. Комиссияға министр, генерал-лейтенант Шыңғыс Арыновжетекшілік ететін құрылымдар тартылған.

Бұған дейін жарылыстан қаза тапқан бес отбасының несиелері толық өтелетіні де хабарланған.

Материал авторы