383

Қазақ қыздарын қорлаған стример Ресейге оралды

Блогер халықтан кешірім сұрап, видеоүндеу жариялады.

Қазақ қыздарын қорлаған стример Ресейге оралды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ресейлік стример Анар Абдуллаев Қазақстанда әкімшілік қамауда отырғаннан кейін Ресейге қайтып барғанын мәлімдеді.

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандықтарға тағы да кешірім сұрап үндеу жариялады.

«Қазақ халқынан тағы да кешірім сұраймын. Ешкімді ренжіткім келген жоқ. Осы жағдай үшін өкініш білдіремін. Көрсеткен қолдауларыңызға рахмет. Мен үйдемін, оралдым», – деп жазды Абдуллаев.

Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласында өткен тікелей эфирден кейін қоғамда үлкен резонанс туындаған. Трансляция кезінде ресейлік блогерлер Анар Абдуллаев пен Ренат Пашаев қазақстандық қыздарға қатысты қорлайтын сөздер айтқан.

Осы оқиғадан кейін Алматы соты стримерлерді «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алған.

Кейінірек Қазақстан Бас прокуратурасы басшысының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев бұл іске байланысты Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша бөлек тергеу бастағанын хабарлады.

Аталған бап әлеуметтік, ұлттық және өзге де алауыздықты қоздыру деректері бойынша қолданылады. Заңнамаға сәйкес, бұл баптың 2-бөлігі бойынша кінә дәлелденген жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл іс әкімшілік қамауға байланысты емес, бөлек өндіріс аясында қаралып жатыр.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор