Астанада небәрі бес күнде 440-тан аса шетелдік жауапқа тартылған (ВИДЕО)
Сот шешімімен 67 адам елден шығарылып, 13 адам күштеп депортацияланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерге қатысты жаппай тексеріс жүргізіліп, небәрі бес күннің ішінде жүздеген заңбұзушылық анықталды.
Полиция мәліметінше, 23–27 ақпан аралығында Астана қаласында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Бұл туралы Астана қаласының полиция департаменті баспасөз қызметі жазды.
Іс-шараның басты мақсаты – көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау, заңсыз көші-қон арналарын анықтау және жолын кесу.
Рейдтерге көші-қон қызметінің, криминалдық және патрульдік полицияның, учаскелік инспекторлардың, арнайы бөлімшелердің қызметкерлері жұмылдырылды.
Тексеру жұмыстары пәтерлерде, қонақ үйлер мен жатақханаларда, құрылыс алаңдарында, базарларда, демалыс орындарында, вокзал маңында және өндірістік аймақтарда жүргізілген.
Нәтижесінде небәрі бес күнде көші-қон заңнамасын бұзудың 555 дерегі тіркелді.
Атап айтқанда:
442 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
78 Қазақстан азаматы шетелдіктерді заң талаптарын бұза отырып қабылдағаны үшін жауапқа тартылды;
35 жұмыс берушіге қатысты әкімшілік шара қолданылды.
Сонымен қатар, Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шешімімен:
67 шетелдік ел аумағынан шығарылды;
бұған дейін шығарылуы тиіс болып, сот шешімін орындамаған 13 адам мәжбүрлі түрде депортацияланды.
Құқық қорғау органдары көші-қон талаптарын бұзуға жол берген тұлғаларға қатысты тексеріс жалғасатынын мәлімдеді.
Материал авторы