445

Астанада LRT көктемде іске қосылады: пойыздар жүргізушісіз жүреді

Астана әкімі LRT-нің нақты іске қосылатын мерзімін атады.

Астанада LRT көктемде іске қосылады: пойыздар жүргізушісіз жүреді
primeminister.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордада LRT жүйесі биыл көктемде іске қосылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, пойыздар толықтай пилотсыз режимде қатынайды. Бұл туралы әкім өз парақшасында жазды.

Қала басшысы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярмен бірге LRT депосына барып, Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмысқа дайындығымен танысқанын хабарлады.

Әкімнің сөзінше, аталған орталық қаланың көлік жүйесін басқаруда негізгі буынға айналады.

«Орталық LRT пойыздарының қозғалысын басқаруды, интеллектуалды көлік жүйесіне кіретін бағдаршамдарды үйлестіруді, қоғамдық көлікті диспетчерлеуді, велосипед жалға беру жүйесін бақылауды, сондай-ақ көлік деректерін жинау мен талдауды қамтамасыз етеді», – деді әкім.

Сонымен қатар бірқатар станцияларда да тексеру жүргізілген.

Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, қазір сынақ пайдалану жұмыстары бекітілген бағдарламаға сәйкес бүкіл желі бойында жүріп жатыр.

«Сынақ кезеңі толық аяқталып, барлық техникалық талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін жолаушылар тасымалының нақты басталу күні бекітіледі. LRT жүйесін іске қосу алдағы айларда, яғни көктемде күтіледі», – деп жазды ол.

Әкім пойыздар қозғалысы жүргізушісіз, автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы жүзеге асатынын да нақтылады.

Айта кетейік, LRT жобасы Астана қаласының көлік инфрақұрылымын жаңғыртудың негізгі элементтерінің бірі саналады. 

Материал авторы