Қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның есімі туған ауылында ұлықталды
Қызметтік борыш үстінде қаза тапқан Ұлдана Мырзуанға туған жерінде мемориалдық тақта орнатылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның ерлігі туған жерінде ұлықталды.
Облыстың Жетісай ауданы аумағындағы туған ауылы – Өтіртөбе ауылында, Ж.Ералиев атындағы ауылдық округтегі амбулатория ғимаратына марқұмның есімі жазылған мемориалдық тақта орнатылды. Бұл бастаманы ауыл ақсақалдары көтерген.
Ұлдана Мырзуанның медицинадағы жолы дәл осы амбулаториядан басталған. Кейін ол Астана қаласында жедел медициналық жәрдем бригадасында еңбек етіп, кезекшілік кезінде ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы өмірі үшін күрескенімен, жас маманды аман алып қалу мүмкін болмады. Оның қазасы тек отбасы үшін ғана емес, әріптестері мен өңір медицинасы үшін ауыр соққы болды.
Еске алу шарасына аудан әкімінің орынбасары Нұркен Алмеш, аудандық мәслихат депутаты Олжас Қаныбеков, облыстық жедел жәрдем станциясының басшысы Бақыт Мырзағелдиев, «Асықата» ауруханасы басшысының орынбасары Ерғали Сопбеков, марқұмның анасы Сәлима Ишанқұлқызы, туыстары, ұстаздары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, Ұлдана Мырзуан 2017–2021 жылдары «Даналық» колледжін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша үздік тәмамдап, фельдшер біліктілігін алған. Кейін елордадағы Байқоңыр ауданында жедел жәрдем қосалқы станциясында аға фельдшер болып қызмет атқарған.
«Ұлдана Қалдарханқызы жасына қарамастан, шұғыл жағдайда өз бетінше шешім қабылдай алатын, ісіне адал әрі кәсіби маман ретінде танылды. Ол адам өмірін құтқарудың алғы шебінде жүріп, қызметтік ерлік жасады», – делінген ресми хабарламада.
Еске сала кетейік, былтыр 8 қарашада Астанадағы тұрғын үй кешенінің қасбетінен кірпіш қаптама мен кондиционер құрылғысының бір бөлігі құлап, бес адам жарақат алған. Зардап шеккендердің арасында қызметтік міндетін атқарып жүрген екі фельдшер болған. Кейін, 18 қараша күні Ұлдана Мырзуанның қайтыс болғаны ресми түрде хабарланды.
Аталған оқиға бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 188-бабына сәйкес, өндірістегі жазатайым оқиға ретінде мемлекеттік еңбек инспекторы тексеру жүргізуде.
Материал авторы