1844

Жарылыстар мен түтін іздері: Жанболат пен Жазира Дубайда қалып қойды

Рейстердің тоқтауына байланысты өнер иелері Дубайдан шыға алмай отыр.

Жарылыстар мен түтін іздері: Жанболат пен Жазира Дубайда қалып қойды
instagram.com/zhazira_bairbekova

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал өнерлі жұп – Жанболат Ерболатов пен Жазира Байырбекова Таяу Шығыстағы қауіпсіздік ахуалының күрт ушығуына байланысты Дубай қаласында қалып қойды.

Әншілер демалыс мақсатында Біріккен Араб Әмірліктеріне барған. Алайда әуе кеңістігі жабылып, рейстер тоқтатылған соң, Қазақстанға қайта алмай отыр.

Жазира Байырбекова әлеуметтік желідегі парақшасында елден хабарласқан жақындарына үн қатып, жағдайдың бақылауда екенін жеткізді.

«Директ пен WhatsApp-қа жазып жатқан туған-туыс, дос-жаранның барлығына рақмет. Біз жақсы хабар күтіп отырмыз. Алаңдамаңыздар. Алла қаласа, жақсы күнде жолығамыз», – деді ол.

Сондай-ақ әнші Дубай маңындағы жарылыстардың дыбысы туралы айтып, балалары шошып кетпеуі үшін болған жағдайды әдейі «мерекелік отшашу» деп түсіндіргенін жазды.

«Балаларым қорықпасын деп “мереке қарсаңында салют атып жатыр” деп айтып қоямын. Көзбен көріп, құлақпен естіген қандай қорқынышты…», – деп жазды ол.

Жарияланған видеода қыз баласының «Бір нәрсе біз жаққа түсті. Ол біздің үй жақ па?» деп сұраған дауысы естіледі. Кадрларда әуеде қалған түтін іздері де байқалады.

Айта кетейік, бұған дейін жұптың ұлы Мальдив аралдарында сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасап, діни некесін қиғаны хабарланған болатын.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор