Таяу Шығыстағы ахуал: Қазақстан азаматтарын эвакуациялау үшін СІМ күшейтілген режимге өтті
Таяу Шығыста 10 мыңға жуық отандасымыз жүр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуалдың ушығуына байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және оның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері тәулік бойы күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр.
Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның сыртқы саясат ведомстволарының басшыларымен телефон арқылы келіссөздер өткізді.
Атап айтқанда, Джейхун Байрамов, Жээнбек Кулубаев, Сироджиддин Мухриддин, Рашид Мередов және Бахтиёр Саидовпен байланыс орнатылды.
Тараптар Таяу Шығыста қалыптасқан жағдайды жан-жақты талқылап, дағдарыс жағдайында тығыз үйлестіру мен жедел өзара іс-қимылдың маңызын атап өтті. Қазақстан тарапы эвакуация мәселелері бойынша көрсетілген қолдау үшін Әзербайжан мен Түрікменстан басшылығына алғыс білдірді.
Сондай-ақ министрлер қақтығыстарды тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігін, халықаралық құқық нормаларын сақтау және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бірлескен күш-жігерді жалғастыруға дайын екендерін растады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан азаматтарын ықтимал эвакуациялау ісінде әрі қарай да өзара қолдау көрсетуге және сыртқы істер ведомстволары желісі бойынша тұрақты жұмыс байланысын сақтауға келісті.
Дипломаттар тәулік бойы байланыста
Қазақстанның өңірдегі шетелдік мекемелері жағдайды үздіксіз бақылап отыр, жергілікті билік органдарымен және Қазақстан азаматтарымен тұрақты байланыс орнатқан. Сонымен қатар әуежайларға тұрақты түрде барып, консулдық-құқықтық көмекті жедел көрсету тетігі іске қосылған.
Ведомство мәліметінше, дипломатиялық өкілдіктер мессенджерлердегі жедел чаттар арқылы азаматтармен тәулік бойы байланыста болып, өңірде және транзиттік аймақтарда жүрген қазақстандықтардың тізімін үнемі жаңартып отыр. Қазіргі сәтте Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккендер туралы ақпарат тіркелмеген.
Қауіп аймағындағы қазақстандықтар саны
Соңғы деректерге сәйкес, эскалация аймағында жүрген қазақстандықтардың басым бөлігі туристік бағыттар мен ірі транзиттік хаб саналатын елдерде шоғырланған.
Атап айтқанда:
Біріккен Араб Әмірліктері – 3 500 азамат
Сауд Арабиясы – шамамен 3 000 азамат
Катар – 1 500-ге жуық азамат
Иран – 82 азамат
Бахрейн – 168 азамат
Кувейт – 134 азамат
Иордания – 134 азамат
Израиль – шамамен 100 адам
Көптеген елде әуе кеңістігі әскери қимылдар басталған сәттен жабық. Рейстердің жаппай тоқтатылуына байланысты Қазақстанның шетелдегі мекемелері туристік компаниялармен бірлесіп, азаматтарды қонақүйлерге уақытша орналастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
СІМ мәліметінше, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қазақстандықтарға жағдай тұрақталғанға дейін қонақүй мен тамақтану толық қамтамасыз етілген.
Эвакуация бағыттары дайындалып жатыр
Қазақстан азаматтарын қауіпті аймақтардан әкету үшін нақты шаралар мен маршруттар пысықталуда. Қауіпсіздік мақсатында жергілікті билік өз бетінше жүруді ұсынбайды.
Эвакуациялық рейс ұйымдастырылған жағдайда, алдымен халықтың ең осал санаттары – қарттар, әйелдер мен балалар елден шығарылатын болады.
Бұған дейін Тегеран қаласынан Қазақстанның 50 азаматы эвакуацияланған. Олардың қатарында «Заркух» компаниясының өкілдері, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы және дипломатиялық корпус қызметкерлері болған.
Қазақстанның шетелдегі мекемелері Ираннан көршілес мемлекеттер арқылы азаматтарды шығару мәселесі бойынша тиісті органдармен келісімдерге қол жеткізді.
Атап айтқанда, қазақстандықтардың Ираннан Армения аумағы арқылы эвакуациялануы үшін иран-армян шекарасынан кедергісіз өту тәртібі келісілді. Сонымен қатар Әзербайжан тарапы да эвакуацияға жәрдем көрсетуге дайын екенін растады. Бұл елде құрлықтағы шекара бекеттерінен өту арнайы рұқсат арқылы жүзеге асады.
Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі екі азаматтың өтініші бойынша Ираннан «Джульфа» өткізу бекеті арқылы өтуге жедел рұқсат алған.
Сондай-ақ Түрікменстан тарапы да қазақстандықтарды эвакуациялау үшін мемлекеттік шекарадан өтуге көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.
Ақпарат Kaspi арқылы да таратылып жатыр
СІМ жедел ақпарат алмасу үшін заманауи цифрлық құралдарды, оның ішінде Kaspi.kz инфрақұрылымын да іске қосты. Компаниямен бірлесіп, ресми хабарламалар мен түсіндірмелер өңірдегі қазақстандықтарға мобильді құрылғылар арқылы жедел жеткізілуде.
Министрлік азаматтарды жағдай толық тұрақталғанға дейін сабыр сақтауға, жергілікті биліктің талаптары мен ұсынымдарын орындауға және қауіп аймақтарынан аулақ болуға шақырды.
Материал авторы