217

Бектенов жол сапасына қатысты шенеуніктерге қатаң тапсырма берді

Жергілікті жолдардың сапасына былтыр шамамен 60 мың шағым түскен.

Бектенов жол сапасына қатысты шенеуніктерге қатаң тапсырма берді
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда жолдың жай-күйіне шағым күрт көбейген. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін жеке мәселе ретінде көтеріп, бірқатар ведомство мен өңір әкімдіктеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Премьердің айтуынша, өткен жылы жергілікті жолдар мен көшелердің сапасына қатысты тұрғындар өтініші 1,5 есеге өсіп, шамамен 60 мың шағымға жеткен. Ал биылдың өзінде небәрі екі айда 7,5 мыңға жуық арыз тіркелген.

«Әкімдіктер азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын күшейтуі және жөндеу жұмыстарына бақылауды қатаңдатуы тиіс. Атап айтқанда, тұрғындар Доссор – Ақтау, Атырау – Орал бағыттарындағы жолдардың жағдайына шағымдануда. Сонымен қатар туризм саласының өкілдері Жетісу облысы мен Абай облысы аумағындағы өңірлік жолдардың, әсіресе Алакөл көлі бағытының тиісті деңгейде күтіп ұсталмай отырғанын айтып отыр», – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ ол Көлік министрлігіне, жасанды интеллект бағытына жауапты ведомствоға, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына және жол сапасын бақылау орталығына жыл соңына дейін бірыңғай цифрлық мониторинг платформасын іске қосуды тапсырды.

Бұл платформа республикалық, облыстық және қалалық жол желілеріндегі жағдайды бақылауды, жөндеу жұмыстарының барысын және бюджет қаражатының игерілуін бір жүйеге біріктіруі тиіс.

Премьердің дерегінше, былтыр ел аумағында 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.

«Апатты учаскелерде инженерлік шешімдер қабылдау, жылдамдық режиміне қатаң бақылау орнату, зияткерлік көлік жүйелерін және заманауи ескерту құралдарын енгізу қажет. Көлік министрлігіне Ішкі істер министрлігімен, Төтенше жағдайлар министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, 1 мамырға дейін жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жоспарларды жаңартуды тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы Көлік министрлігі мен әкімдіктерге 1 мамырға дейін әр өңір бойынша жол бойындағы сервисті дамыту картасын әзірлеуді, қызмет көрсету стандарттарын бекітуді және бизнесті ынталандыру тетіктерін енгізуді міндеттеді.

Материал авторы