251

Щучинскідегі жарылыстан қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті

Щучинскідегі жарылыстан қайтыс болғандар саны артты.

Щучинскідегі жарылыстан қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Щучинск қаласындағы жарылыстан зардап шеккен тағы бір адам көз жұмды. Соның нәтижесінде қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті. Бұл туралы Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек мәлімдеді.

Ведомствоның дерегінше, бұған дейін жарылыс салдарынан 28 адам жарақат алғаны хабарланған еді. Алғашқы мәлімет бойынша жеті адам қаза болған: бесеуі оқиға орнында, екеуі медициналық мекемеде көз жұмған. Тағы бес науқас санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізілген.

2 наурыздағы жағдай бойынша «Авиценна-Бурабай» стационарында төрт адам ем қабылдап жатқан, тағы төрт адам Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан.

Дәрігерлер әрбір науқастың өмірі үшін барынша күш салып жатқанымен, Щучинскідегі стационарда жатқан ең ауыр хәлдегі екі пациенттің өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Осылайша қаза тапқандар саны тоғызға жетті. Қалған зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Еске салайық, 26 ақпанда Щучинск қаласында тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты дәмханада газ-ауа қоспасы жарылып, өрт шыққан. Төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнына хабар түскен сәттен кейін бес минут ішінде жеткен. Құтқару жұмыстары кезінде өрт ошағынан бірнеше газ және оттегі баллондары шығарылып, қайталама жарылыстың алдын алу мүмкін болған.

Аудан әкімі Арай Садықов қаза тапқан азаматтардың отбасыларына 2 миллион теңгеден, ал жарақат алғандарға 1 миллион теңгеден біржолғы материалдық көмек көрсетілетінін хабарлады.

Ал Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрінің тапсырмасымен, генерал-лейтенант Шыңғыс Арынов басшылығымен қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеру үшін ведомствоаралық комиссия құрылған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор