289

Қостанай облысында жол апатынан жүргізуші мен үш айлық сәби қаза тапты

Қостанай бағытына бет алған көлік апатқа ұшырап, жағдай өліммен аяқталды.

Қостанай облысында жол апатынан жүргізуші мен үш айлық сәби қаза тапты
nara.getarchive.net

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай облысында халықаралық Алматы – Екатеринбург тасжолында болған жол-көлік апаты екі адамның өмірін қиды. Қаза тапқандардың бірі – көлік жүргізушісі, екіншісі – небәрі үш айлық сәби. Оқиға туралы Alau.kz жазды.

Қостанай облысы полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес, Audi маркалы автокөліктің жүргізушісі Қостанай бағытына қарай келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен де, JAC көлігімен соқтығысқан.

Салдарынан Audi жүргізушісі алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Ал 2025 жылы туған, үш айлық қыз бала ауыр хәлде ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимастан қайтыс болды.

Тағы бір жолаушыны құтқарушылар қатты зақымданған көліктен арнайы құралдармен шығарып алған. Қазіргі таңда ол медициналық мекемеде ауыр жағдайда жатыр. Сонымен бірге JAC автокөлігінде болған екі адам да жарақат алған.

Полицияның мәліметінше, апат күндізгі уақытта тіркелген. Жол жабыны қанағаттанарлық күйде болған, көріну қашықтығында шектеу болмаған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, жол апатының нақты себептерін анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор