194

Тоқаев Оман сұлтанымен сөйлесіп, оған қолдау білдірді

Қазақстан Оманды қолдайтынын мәлімдеді.

Тоқаев Оман сұлтанымен сөйлесіп, оған қолдау білдірді
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Оман еліне берік қолдау білдіріп, осы күрделі кезеңде оман халқымен ынтымақтас екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев соғысқа қатысы жоқ Парсы шығанағы елдерінің азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасалып жатқан әуе соққыларына алаңдаушылық білдірді.

Президент Қазақстанның қақтығыстың ушығуына жол бермеу ұстанымын берік сақтайтынын және дағдарысты тек диалог пен дипломатия арқылы реттеуді қолдайтынын атап өтті.

Осы орайда Мемлекет басшысы Оманның аймақтағы бейбіт бастамалары үшін жоғары халықаралық беделге ие екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық азаматтарды өңірден Оман аумағы арқылы эвакуациялауға жеке қолдау көрсеткені үшін сұлтан Хайсам бен Тарик Әл Саидқа алғыс білдірді.

Өз кезегінде Оман сұлтаны көрсетілген қолдау үшін ризашылығын жеткізіп, Қазақстан халқына қасиетті Рамазан айында ізгі тілегін жолдады.

Сұхбат барысында Мемлекет басшысы Оман сұлтанына жыл соңына дейін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келу жөніндегі бұрын жіберілген шақыруын растады. Хайсам бен Тарик Әл Саид бұл шақыруды қабылдайтынын мәлімдеді. Алдағы сапар екі ел арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болмақ.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор