Маңғыстаулық 12 жыл бойы алимент төлемей, қамауға алынды
Жылдар бойы баласының алиментін төлемеген азамат сотқа тартылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысының тұрғыны 12 жыл бойы баласының алиментін төлемегені үшін бір күнге әкімшілік қамаққа алынды. Бұл туралы Түпқараған аудандық соты жазды.
Сот материалдарына сәйкес, азамат А. 2013 жылғы 4 қыркүйекте шығарылған сот шешімін орындамай, бірнеше жыл бойы баласына алимент төлеуден жалтарған. Оның кінәсі сотқа берген түсініктемелері, сот шешімі және әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен расталған.
Сот отырысында А. өз кінәсін мойындап, бұдан былай осындай құқықбұзушылықтарға жол бермейтінін уәде етті.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөліміне сәйкес, сот шешімін немесе орындау құжатын орындамағаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе 5 күнге дейін әкімшілік қамаққа алу қарастырылған.
Сот кінәні мойындағанын жеңілдетуші жайт ретінде ескере отырып, А.-ны бір күнге әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды. Қазіргі кезде соттың бұл шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы