318

Ақтөбеде пауэрбанк жарылып, бір отбасы үйсіз қалды

Бір ғана зарядтау құрылғысы үйді күлге айналдырды.

Ақтөбеде пауэрбанк жарылып, бір отбасы үйсіз қалды
Almaty.tv

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе қаласында пауэрбанк жарылып, бір отбасы баспанасыз қалды. Портативті зарядтау құрылғысынан шыққан өрт жеке тұрғын үйді түгелдей жойған. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады.

Отбасы мүшелерінің айтуынша, бәрі аяқ астынан болған. Бөлмеден тарсылдаған дыбыс естіліп, артынша өрт тұтанған. Жалын санаулы минут ішінде үйге жайылып, қою түтін бөлмені басқан. Үй ішіндегі мүлікті алып шығуға мүмкіндік болмаған.

Үй иесі Құрман Майрумбаев болған жайтты былай сипаттады:

«Тарс еткен дыбыс естілді. Жүгіріп шықсам, ұлымның бөлмесінде немерелерім бір құрылғыны қуаттауға қосып қойған екен. Сол жерден от лап етті. Түтін шықты, шкаф бірден жанды. Іште дем алу мүмкін болмады. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін».

Ал Ақтөбе облысының ТЖД мәліметінше, өрт 28 ақпанда «Арман» тұрғын алабында шыққан. Бір қабатты үйдің шатырынан тұтанған жалын сағат 20:02-де оқшауланып, 20:23-те толық сөндірілген. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Өрттен кейін үйден тек күйген қабырғалар ғана қалған. Құжаттар ғана аман сақталған. Қазір отбасы уақытша туыстарының үйіне көшкен. Үй иесінің айтуынша, алты жыл бойы өз күшімен тұрғызған баспанасын енді қайтадан нөлден салуға тура келеді. Алдағы күндері учаске тазартылып, жаңа құрылысқа дайындық басталмақ.

Материал авторы