327

11 жасар қыз мүгедек болып қалды: Шымкенттегі жол апатынан кейін жүргізуші өтемақы төлемей жүр

Қыз баланың емі халық жинаған қаражатпен жүргізілген.

11 жасар қыз мүгедек болып қалды: Шымкенттегі жол апатынан кейін жүргізуші өтемақы төлемей жүр
Информбюро

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент қаласында 11 жастағы қызды ауыр жарақатқа ұшыратқан жол апаты бойынша істің соңы қоғамда үлкен резонанс туғызды. Жәбірленуші тарап жүргізушіні кешіргеннен кейін ол қылмыстық жауапкершіліктен босап қалған. Бұл туралы Информбюро бағдарламасы хабарлады.

Оқиға екі жыл бұрын Шымкент маңындағы Ақтас ауылы аумағында болған. Қарсы бағытқа шығып кеткен Toyota көлігі жолаушылар отырған Газель автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан бір әйел қаза тауып, бірнеше адам жараланған.

Сол көлікте анасы екеуімен бірге 11 жастағы Мадина Өтегенова да отырған. Аударылған көліктің астында қалған қызды құтқаруға анасы – Жанар Түйгенова жұрттан көмек сұрап, сол жерде жанталасқан.

Дәрігерлер алғашқы кезеңде баланың жағдайы тұрақты екенін, оңалып кетуі мүмкін екенін айтқан. Осы уәдеге сенген ана апатқа кінәлі жүргізушіні кешіріп, арыздан бас тартқан.

Жанар Түйгенованың айтуынша, жүргізуші қызын толық емдетуге, барлық шығынды өз мойнына алуға уәде берген. Алайда кейін ол байланысқа шықпай кеткен.

«Қызымның жағдайын бір рет те сұрамады. Операцияға да, емге де бір тиын төлеген жоқ. Уәде беріп, кешірім алып кетті де, жоғалды», – дейді анасы.

Кейін сот жүргізушіні жәбірленуші тарапқа 28 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеген. Алайда ол өзін жұмыссыз деп көрсетіп, бүгінге дейін сот шешімін орындамаған. Анасының айтуынша, прокуратураға бірнеше рет жүгінгенімен, өндіріп алу мәселесі шешілмей келеді.

Апаттан кейін бір жыл өткен соң Мадинаның денсаулығы күрт нашарлап, дәрігерлер оның аяғына күрделі операция жасауға мәжбүр болған. Қажетті қаражат халықтан жиналып, қыз балаға шетелде ем жасалған.

Қазір жалғызбасты ана қызының оңалту емі мен протезге қаржы іздеп жүр. Мадинаның басты арманы – қайтадан мектепке барып, қатарластарымен бірге қалыпты өмірге оралу. Ал анасының тілегі – сот шешімі толық орындалып, кінәлі адам нақты жауапкершілікке тартылуы.

Анасының айтуынша, бір сәттік немқұрайлық бір баланың тағдырын түбегейлі өзгерткен.

Материал авторы