374

Астанадағы базарларда күмәнді ет сатылған (ВИДЕО)

Астанада заңсыз жерасты цех әшкереленді.

Астанадағы базарларда күмәнді ет сатылған (ВИДЕО)
Астана ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада заңсыз жұмыс істеген жерасты ет цехының өнімі қала базарларына таралғаны анықталды. Бұл туралы Астана қаласының полиция департаменті хабарлады.

Тексеру барысында заңсыз цех Астана қаласындағы Аймауытов көшесі маңындағы жеке сектор аумағынан табылған. Кәсіп нысаны ешбір рұқсат құжатсыз жұмыс істеп, ет өнімдерін өрескел санитарлық талаптарды бұза отырып сақтаған әрі өңдеген. Кейін бұл өнімдер елордадағы сауда орындарына өткізілген.

Полицияның мәліметінше, тексеру кезінде 4 жылқының және 13 ірі қараның сойылған тушасы, ет қалдықтары, сондай-ақ союға және өңдеуге арналған жабдықтар тәркіленген. Заңсыз цехты ұйымдастырды деген күдікпен 64 және 55 жастағы екі ер адам ұсталды.

Аталған дерек бойынша тексеру басталды. Қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.

Құқық қорғау органдары азаматтарға беймәлім сауда орындарынан және күмәнді сатушылардан ет өнімдерін сатып алу өмір мен денсаулыққа тікелей қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті. Кез келген заңсыз сауда фактілері бойынша полицияға хабар беруге шақырды.

 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор