«Қорлық қой!»: Ақтауда жұмысшыларды жүк көлігінің артында тасымалдағандар сынға қалды (ВИДЕО)
Жасы үлкен тазалық қызметкерлерін неге автобуспен тасымады деп наразы тұрғындар.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда коммуналдық қызметте істейтін жасы үлкен жұмысшылардың ашық жүк көлігінің артында тасымалданғаны қоғамның ашу-ызасын тудырды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға қатысты түсініктеме берілді.
Бейнежазбаны әлеуметтік желіде блогер Азамат Сарсенбаев жариялаған. Кадрларда коммуналдық қызмет қызметкерлері ашық кузовтағы «ГАЗель» көлігімен тасымалданып бара жатқаны көрінеді.
Блогердің айтуынша, видео 3 наурыз күні түсірілген.
«Коммуналдық қызмет жұмысшыларын жаңа микроавтобуспен тасымалдаңдар деп талап қойып отырған жоқпын. Бірақ адамдарды осылай алып жүру — қорлау. Мұндай қатынасты балаларым көріп, оны қалыпты нәрсе деп қабылдағанын қаламаймын», – деп жазды ол.
Бейнежазбаның астында қала тұрғындары жаппай наразылық білдірді. Пікір қалдырғандар бұл адамдардың еңбегі арқылы қала таза екенін айтып, жұмысшыларды адамға лайық жағдайда тасымалдау қажет екенін жазды. Кейбір қолданушылар көліктің жеке тұлғаға тіркелгеніне де күмән келтірген.
Жағдайға Ақтау қаласының әкімдігі ресми жауап берді. Әкімдік мәліметінше, коммуналдық қызмет қызметкерлерін тасымалдауға арналған негізгі көлік істен шыққан.
«Қызметкерлерді жеткізуге арналған көлік бұзылып, уақытша жарамсыз болғандықтан, бейнежазбада көрсетілген “ГАЗель” автокөлігі пайдаланылған», – деп хабарлады әкімдік өкілдері.
Сондай-ақ, әкімдік бұл тасымалды жүзеге асырған ұйыммен келісімшарттың бұзылғанын растады.
«Көлік құралындағы ақауларға байланысты қызметкерлерді тасымалдаумен айналысқан ұйыммен жасалған келісімшарт тоқтатылды», – делінген ресми жауапта.
Қазіргі уақытта әкімдік жолаушыларды тасымалдауға бейімделген көлік іздеп жатқанын және оны жалға алу нұсқаларын қарастырып отырғанын мәлімдеді.
Материал авторы