370

Алматы облысында стоматология 4,5 мың «жалған ем» жүргізіп, 66 млн теңге шығын келтірілген

Стоматология басшысы үйқамаққа алынды.

Алматы облысында стоматология 4,5 мың «жалған ем» жүргізіп, 66 млн теңге шығын келтірілген
freepik.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы көрсетілуі тиіс стоматологиялық қызметтерге байланысты ірі алаяқтық дерегі әшкереленді. Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізіп, істі аяқтағанын мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, жеке стоматологиялық клиникалардың директоры Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен жалпы құны 450 млн теңгеден асатын медициналық қызметтерді сатып алу туралы келісімшарттар жасаған. Құжат бойынша клиникалар азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсетуге міндеттенген.

Алайда тергеу барысында күдіктінің медициналық ақпараттық жүйеге жалған деректер енгізуді ұйымдастырғаны анықталды. Damumed жүйесіне пациенттерге көрсетілді деп тіркелген ортодонтиялық қызметтердің көп бөлігі шын мәнінде мүлде орындалмаған. Заңсыз әрекеттерді бүркемелеу үшін күдікті дәрігерлердің аккаунттарын өз бетінше пайдаланған. Сонымен қатар бұрын клиникаға келген кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректері де қолданылған.

Нәтижесінде тергеу 4 597 жалған тіркелген ортодонтиялық қызмет фактісін анықтады. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 66 млн теңгеге жеткен.

Сот санкциясымен күдіктінің банк шоттарына 23 млн теңге көлемінде тыйым салынды. Бұдан бөлек, құны 29 млн теңге болатын стоматологиялық жабдыққа да арест қойылды.

Тергеу барысында күдікті мемлекетке келтірілген залалдың 11 млн теңгесін өтеген. Қазіргі уақытта оған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ тағайындалған.

Материал авторы