Кувейтте америкалық ұшқыш халық алдында тізерлеуге мәжбүр болды (ВИДЕО)
Кувейтте құлаған америкалық ұшқыштың видеосы тарады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Кувейтте АҚШ әскери ұшқышының басынан тосын жағдай өтті. Құлаған жойғыш ұшақтың пилоты жергілікті тұрғын қорқытқаннан тізерлеуге мәжбүр болған.
Оқиға туралы алдымен New York Post хабарлады. Басылым жариялаған видеода апаттан кейін катапультпен жерге түскен ұшқышты бір топ жергілікті тұрғын қоршап алғаны көрінеді. Солардың бірі қолына металл құбырға ұқсас зат ұстап, оны ұрып жіберетіндей болып сес көрсеткен.
Мәлімет бойынша, әңгіме F-15 Eagle жойғыш ұшағының пилоты McDonnell Douglas туралы болып отыр. Бұған дейін АҚШ Орталық қолбасшылығы 1 наурыз күні Кувейт әуе кеңістігінде үш америкалық F-15 жойғышы «достық оқтан» атып түсірілгенін мәлімдеген. Кейін бұл оқиға бойынша кінәні Кувейт тарапы мойындаған.
Видеода ұшқыш қолын көтеріп, ағылшын тілінде өзіне қауіп төндірген адамнан шегінуді сұрайды. Алайда оның өтініші бірден нәтиже бермеген. Қауіп күшейген сәтте ұшқыш тізерлей отырып, жағдайды ушықтырмауға тырысқан.
Тек ұшқыш өзінің америкалық екенін айтқаннан кейін ғана қолындағы темірді көтеріп тұрған адам райынан қайтып, шегінген.
Кейін Кувейттің Қорғаныс министрлігі АҚШ тарапымен байланыс орнатып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін бірлескен тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Материал авторы