Атырауда жоғалған отбасының екі баласы әлі табылған жоқ
Вице-министр жұмбақ жағдайда жоғалған Наурыз бен Мирамгүлдің іздестіру әлі жалғасып жатқанын айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында жоғалған отбасының екі баласын іздеу жұмыстары әлі тоқтаған жоқ. Тергеу ісіне арнайы топ тартылып, күдіктілерді елге қайтару шаралары жүргізіліп жатыр.
Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтің айтуынша, іс бойынша күдікке ілінген екі адам жақын уақытта Қазақстанға жеткізіледі. Қазір оларды Индонезиядан экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.
«Осы айда алып келуді жоспарлап отырмыз. Қосымша ақпарат кейінірек жарияланады. Ал іздеуде жүрген екі адамға қатысты барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Арнайы тергеу тобы құрылып, қазір Атырау облысында жұмыс істеп жатыр», – деді вице-министр.
Журналистер істің неге ұзаққа созылғанын сұрағанда, ол тергеу аясында кешенді іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Бұл оқиға 2025 жылдың күзінде Жангелдин ауылында тіркелген. Сол кезде бір отбасының төрт мүшесі із-түзсіз жоғалып кеткен.
Кейін үй ауласынан ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері табылды. Ал олардың балалары – Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиев әлі күнге дейін табылған жоқ.
Бұл іс бойынша отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті ретінде іздеуге жарияланған. Тергеу материалдарына сәйкес, ол отбасы мүшелерінің жоғалуына қатысы болуы мүмкін.
Қазір құқық қорғау органдары жоғалған екі баланың тағдырын анықтауға және істің барлық мән-жайын толық ашуға бағытталған жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Материал авторы