294

Түркістан облысында ер адам Free Fire ойыны арқылы ақшасынан айырылды

Жасөспірімдерді алдап, шоттан ақша шешкен күдікті анықталды.

Түркістан облысында ер адам Free Fire ойыны арқылы ақшасынан айырылды
Adobe Stock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында жасөспірімдер арасында кең тараған онлайн-ойын арқылы жасалған алаяқтық әшкереленді. Полицейлердің мәліметінше, күдікті ойын барысында балаларды алдап, олардың банктік деректерін қолға түсірген.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын шағымданған. Ол банк есепшотынан белгісіз жолмен ақша жоғалғанын айтқан. Тексеру барысында оның кәмелетке толмаған туысы ұялы телефон арқылы Free Fire ойынын ойнап отырғаны анықталды.

Ойын кезінде белгісіз адам жасөспіріммен байланысқа шығып, түрлі «бонустар» мен «ұтыстар» беремін деп уәде еткен. Осылайша ол баладан банк картасының деректерін және телефонға келген SMS-кодты алдап алып, жәбірленушінің шотынан 380 мың теңгені аударып жіберген.

Кейін полиция 20 жастағы Шымкент тұрғынын күдікті ретінде анықтап, бөлімшеге жеткізді. Оның жанынан алаяқтық әрекеттерде қолданылған бес ұялы телефон тәркіленген.

Киберполицейлердің дерегінше, күдікті ойын арқылы 60-тан астам жасөспіріммен байланыс орнатқан. Олардың жиырмадан астамынан ақша алғаны белгілі болды.

Қазір бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Тергеушілер күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны тексеріп жатыр.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор