361

Абай облысында үш адам қос азаматтықпен ұсталды

432 мың теңге айыппұл салынып, елден шығарылды.

Абай облысында үш адам қос азаматтықпен ұсталды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан заңнамасына сәйкес елде қос азаматтыққа қатаң тыйым салынған. Соған қарамастан, жыл басынан бері Абай облысында үш адамның қос азаматтық иеленгені анықталды. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті жазды.

Ведомствоның ресми Telegram-арнасында жарияланған мәліметке сәйкес, Қазақстан азаматтығынан шығып, басқа елдің азаматтығын алған тұлғалар заң талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Яғни шетел азаматтығын алған күннен бастап 30 күн ішінде Қазақстанның консулдық мекемесіне немесе тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына хабарласып, Қазақстан азаматтығынан шығу рәсімін рәсімдеуі тиіс.

Егер азамат шетел азаматтығын алғанын белгіленген мерзімде хабарламаса, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 496-бабына сәйкес, мұндай жағдайда 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл – 432 500 теңге. Немесе азамат Қазақстан аумағынан әкімшілік жолмен шығарылуы мүмкін.

Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері өңірде қос азаматтыққа қатысты үш дерек тіркелген. Сонымен қатар, осы жылдың алғашқы үш айында көші-қон қызметі аудандық бөлімшелермен бірлесіп Қазақстан азаматтығынан шығуға қатысты 43 өтінішті тіркеген.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор