«Маған TikTok-қа жазыңдар»: Лукашенко әйелдерге TikTok арқылы шағымдануды ұсынды
Беларусь президенті әйелдерге мереке күндері біреу ренжіткен болса, өзіне жазуды ұсынды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Беларусь президенті Александр Лукашенко 8 наурыз қарсаңында өткен марапаттау рәсімінде әйелдерге күтпеген ұсыныс айтты. Оның сөзінше, мереке күндері біреу ренжітсе, оған TikTok арқылы жазуға болады.
5 наурыз күні сөйлеген сөзінде Лукашенко әлеуметтік желідегі жазбаларды өзі оқитынын айтып, қажет болса шағымдарға жеке жауап беруге дайын екенін жеткізді.
«Егер осы күндері бір ер адам сіздерді ренжітсе, мүмкіндік тауып жазыңыздар. Бізде TikTok бар ғой. Мен әр таң сайын оқимын. Егер біреу сіздерді ренжітсе, маған жазыңыздар, міндетті түрде жауап беремін», — деді ол.
Сондай-ақ Лукашенко Президент әкімшілігінің басшысы Дмитрий Крутой мұндай өтініштерді одан бұрын да бақылауға ала алатынын атап өтті.
Алайда бұл мәлімдемеден кейін көп ұзамай күтпеген жағдай болды. Президенттің TikTok аккаунтында жеке хабарлама жіберу мүмкіндігі шектелгені белгілі болды.
Бірқатар басылымдар мен сарапшылар мұны техникалық сақтық шарасы деп түсіндірді. Олардың пікірінше, видеоның тез таралуы аккаунтқа спам мен мақсатсыз хабарламалардың шамадан тыс келу қаупін арттырған.
Ал әлеуметтік желі қолданушылары керісінше, «ашық диалогқа шақыру» мен байланыс арнасының жабылуы арасындағы қайшылыққа назар аударып, иронияға толы пікірлер қалдырды.
Президенттің баспасөз қызметі TikTok-тағы құпиялық баптауларының не себепті өзгергеніне қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Материал авторы