БҚО-да фельдшер шақыртуға келіп, өз туған күніне тап болды (ВИДЕО)
БҚО-да фельдшерді әріптестері мен туыстары құттықтады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысындағы Сайхы ауылында фельдшер үшін күтпеген жағдай болды. Ол кезекті шақыртуға барған кезде науқасты емес, өзіне арналған туған күн кешін көрді.
Медик көрсетілген мекенжайға келгенде, оны туыстары, достары мен әріптестері қарсы алып, қол шапалақтап құттықтаған. Кейін белгілі болғандай, бұл тосын сыйды оның жұбайы ұйымдастырған.
Жақындары фельдшерді шақырту деген сылтаумен арнайы бір жерге шақырып, сол жерде 40 жасқа толған мерейтойын атап өтуді жоспарлаған.
Медициналық қызметкер келген сәтте жиналғандар оны мерекелік құттықтаулармен қарсы алған. Шағын мерекеге оның әріптестері де қосылған. Олардың кейбірі жұмыс ауысымынан тыс уақытта арнайы келіп, әріптесін құттықтаған.
Күтпеген тосын сый туған күн иесіне ерекше әсер қалдырған. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тез таралып, қолданушылар медицина қызметкерін осылайша құттықтаудың ерекше тәсіліне назар аударды.
Материал авторы