Атырауда полицейлер қаза тапқан әріптестерінің аналарына құрмет көрсетті
Шалқар Ақымғалиев пен Нұрберген Өтемісов қызмет барысында қаза тапқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Атырау облыстық полиция департаментінің басшылығы қызмет барысында қаза тапқан тәртіп сақшыларының аналарына барып, құрмет көрсетті.
Департамент бастығы Оңал Бекиев ішкі істер органдарының қызметкерлері Шалқар Ақымғалиев пен Нұрберген Өтемісовтің аналарына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Кездесу барысында полиция басшысы батыр ұл тәрбиелеген аналарға алғыс айтып, олардың ерлігі қоғам жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Ол азаматтардың қауіпсіздігі мен ел тыныштығы үшін жанын қиған полицейлердің батылдығы әріптестер мен жас буынға үлгі болып қала беретінін айтты.
Шалқар Ақымғалиев 2019 жылғы 21 наурызда өзенге көпірден секірген әйелді құтқармақ болып, ерлікпен қаза тапқан. Ал Нұрберген Өтемісов 2009 жылғы 31 қазанда қызметтік міндетін атқару кезінде қылмыскер басқарған көлік соғып, мерт болған.
Полиция басшылығының айтуынша, қызметтік борышын өтеу кезінде өмірін қиған тәртіп сақшыларының жанқиярлығы әрдайым құрметке лайық.
Сондай-ақ Атырау облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов 1993 жылы қарулы қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан Асқар Бисекеновтің анасына барып, мерекемен құттықтады.
Қызметтік антына адал болып, халыққа шын ниетпен қызмет еткен полицейлердің есімі әріптестерінің жадында сақталып, ішкі істер органдары тарихының ажырамас бөлігі болып қала бермек.
Материал авторы