Қазақстан мал ауруынан қорғану үшін Ресейден ет алдыруға уақытша тыйым салды
Қаупі бар өнімдер мен мал Қазақстанға әкелінбейді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан кейбір ресейлік өңірлерде ірі қара мал арасында пастереллез ауруының өршуіне байланысты мал мен мал шаруашылығы өнімдерінің импортын уақытша шектеді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Шектеу эпидемиологиялық қауіптердің алдын алу мақсатында енгізілген және жағдай тұрақталғанша әрекет етеді.
Ресейлік ақпарат көздеріне сәйкес, шектеу Алтай өлкесі, Алтай Республикасы, Омск және Новосибирск облыстарын қамтиды. Сібірдің кейбір аудандарында пастереллез бойынша карантин жарияланған. Новосибирск облысында ауру ошақтары локализацияланған, бірақ аймақ «белгісіз статус, вакцинацияланған» ретінде қарастырылуда. Омск облысында екі ауданға карантин енгізілген, Алтай өлкесінде ірі мал шаруашылығы кешендеріне шектеу салынған. Кейбір медиа ресурстарда малдың жаппай жойылғаны туралы ақпараттар айтылғанымен, нақты көлемі қосымша растауды қажет етеді.
Қазақстандық ведомство бұл шектеудің профилактикалық сипатта екенін, аурудың республика аумағына таралуына жол бермеу мақсатында енгізілгенін айтты. Мал мен өнімдердің қауіпсіздігі расталған соң, тыйым алынып тасталуы мүмкін.
Пастереллез – негізінен ауыл шаруашылығы жануарлары үшін қауіпті бактериялық инфекция. Осы жағдайға байланысты Қазақстан ресейлік «қатерлі» өңірлерден мал және мал өнімдерінің импорты мен транзитіне ветеринарлық бақылауды күшейтті.
Материал авторы