SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық Әубәкір Әсем Вьетнамның Хошимин қаласында із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл туралы оның туыстары мәлімдеді.
Қыздың әпкесі Рузана Әубәкірдің айтуынша, Әсем 2026 жылғы 6 наурыз күні байланысқа шығуын тоқтатқан. Сол күні ол Қазақстанға қайтып ұшпақ болған, алайда әуежайдағы таблодан өз рейсін таппаған.
Туыстарының айтуынша, сол сәтте қыз екі тәулікке жуық ұйықтамаған, қатты қорқып жүргенін айтқан және өзін біреулер бақылап жүргенін жеткізген.
Отбасының мәліметінше, оның соңғы банк операциясы 6 наурыз күні сағат 15:08-де тіркелген. Бұл уақытта таксиге төлем жасалған. Сонымен қатар жоғалар алдында Әсемнің америкалық әйелмен бірге түскі ас ішкені белгілі болды.
Жақындарымен соңғы сөйлесулерінде оның сөздері түсініксіз болған. Туыстары қыздың өзін біртүрлі ұстағанын байқағанын айтады.
Отбасының айтуынша, Әсем шамамен сегіз-тоғыз жылдан бері жалғыз саяхаттап жүрген тәжірибелі турист. Бұған дейін мұндай жағдай ешқашан болмаған.
Қыздың туыстары Вьетнамдағы Қазақстан консулдығына жүгінген. Алайда демалыс күндеріне байланысты ресми іздестіру шаралары тек дүйсенбі күні басталатыны хабарланған.
Жақындары Вьетнамда жүрген немесе Әсемнің қайда болуы мүмкін екенін білетін адамдардан хабарласып, іздеуге көмектесуді сұрайды.
RUS