SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде автомойка қызметкері клиенттің көлігін рұқсатсыз мініп кетіп, жол апатына түскен. Бұл іс бойынша сот үкімі шықты.
Оқиға Смағұлов көшесінде орналасқан көлік жуу орнында болған. Toyota маркалы көліктің иесі салонды химиялық тазалауға қалдырып, кілтін қызметкерге тапсырған.
Алайда автомойка қызметкері осы мүмкіндікті пайдаланып, бөгде көлікке отырып, Қарғалы тұрғын алабындағы жеке шаруасымен кетіп қалған. Қайтар жолда ол жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Соқтығыс салдарынан зақымданған көлікті кейін автомойка маңына әкеліп қойған.
Көлік иесі болған жайтты тек келесі күні полициядан білген. Оның айтуынша, көлікті жөндеуге шамамен 500 мың теңге жұмсауға тура келген.
Сотта автомойка қызметкері «ұрлау мақсатынсыз көлік айдап кету» бабы бойынша жауапқа тартылды. Ол кінәсін толық мойындап, көлікті мас күйде емес, тек «жүріп келу үшін» алғанын айтып, өзіне қатаң жаза қолданбауды сұраған.
Жәбірленуші үшін бастысы келтірілген шығынның өтелуі екенін айтып, жазаны соттың шешіміне қалдырған.
Сот үкімімен автомойка қызметкері бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Осы уақыт ішінде оған ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынып, жұмыстан кейін үйінде болуы міндеттелді.
RUS