326

Иран футболшылары әнұран айтудан бас тартып, Аустралиядан баспана алды

Әнұран орындамаған иран футболшыларын Аустралия қорғауына алды.

Иран футболшылары әнұран айтудан бас тартып, Аустралиядан баспана алды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иран әйелдер футбол құрамасының бірнеше ойыншысы ұлттық әнұранды орындаудан бас тартқаннан кейін Аустралиядан саяси баспана сұрады. Ел билігі олардың бесеуіне гуманитарлық виза беріп, қорғауға алған.

Бұл туралы Аустралияның ішкі істер министрі Тони Берк мәлімдеді. Оның айтуынша, 10 наурыз күні кешке спортшылардың өтініштері мақұлданып, тиісті құжаттарға қол қойылған.

Министрдің сөзінше, аустралиялық полиция футболшыларды қауіпсіз жерге орналастырған.

Оқиға халықаралық турнир кезінде болған. Оңтүстік Корея құрамасына қарсы матч алдында орындалған мемлекеттік әнұран кезінде ирандық ойыншылар үнсіз тұрған. Бұл әрекет Иранның мемлекеттік телеарналарында «масқараның шыңы» ретінде бағаланған.

Кейінгі матчтарда футболшылар әнұранды орындағанымен, олардың бір бөлігі елге оралудан бас тартқан.

АҚШ президенті Дональд Трамп Аустралия билігін ирандық спортшыларға баспана беруге ашық түрде шақырған. Оның айтуынша, егер олар Иранға қайтарылса, өміріне қауіп төнуі мүмкін.

Трамп бұл мәселені Аустралия премьер-министрі Энтони Альбанезе мен талқылағанын да айтқан. Кейін ол әлеуметтік желідегі жазбасында бес спортшыға баспана берілгенін, ал басқаларының өтініші қаралып жатқанын хабарлады.

CNN Sports мәліметінше, Иран әйелдер құрамасының кемінде жеті ойыншысы ұлттық команданың орналасқан жерінен кеткен. Олардың бесеуін Аустралия полициясы қорғауға алған, ал тағы екі спортшының қайда екені әзірге белгісіз.

Айта кетейік, Иран әйелдер құрамасы Азия кубогының топтық кезеңіндегі соңғы матчында Филиппин құрамасынан жеңіліп қалған. Әдетте топтық кезеңнен шығып қалған командалар турнир аяқталған соң бірнеше күн ішінде жарыс өткен елден кетеді.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор